Бұл кәсіптің адамдары теміржол ісімен байланысты: олар жолдарды жобалайды, салады және жөндейді, пойыздарды басқарады немесе олардың қозғалысын қадағалайды.
Тепловоз мащинисі
Тепловоз машинисі дизельді қозғалтқышы бар локомотивті басқарады. Оның негізгі міндеті – жүкті межелі жерге уақытылы және қауіпсіз жеткізу. Мұндай жұмыс жауапкершілікті, мұқияттылықты және тепловоздың техникалық ерекшеліктерін жақсы білуді талап етеді. Тағы бір маңызды сапа – күйзеліске төзімділік, себебі жол үстінде машиниске көбінесе тез шешім қабылдауға, өзгеріп отыратын ортаға, жол жағдайына қарай әрекет етуіне тура келеді.
Тепловоз машинисі не істей алуға тиіс:
- локомотивтің және оған тіркелген вагондардың қозғалысын басқару;
- тепловозды жақсы техникалық жағдайда ұстау;
- құжаттаманы: жол парақтарын, орындалған жұмыс актілерін, қарап тексеру және жөндеу журналдарын дұрыс ресімдеу;
- қауіпсіздік техникасын сақтау;
- теміржол жұмыскерлерімен: диспетчерлермен, жөндеушілермен, басқа машинистермен өзара әрекеттесу.
Пойыз құрастырушы
Бұл жұмысшы пойыздарды дұрыс құралуы мен таратылуына, вагондарды уақтылы беру мен ауыстыруға жауапты. Жүкті тасымалдау қауіпсіздігі және оның алушыға қаншалықты тез жеткізілуі оған байланысты.
Пойыз құрастырушы ұйымдастырушылық дағдыларға ие болуы және басқа адамдармен ортақ тіл таба білуі керек, себебі жұмыс кезінде ол диспетчерлермен, машинистермен және жүк жөнелтушілермен үнемі өзара қатынаста болады. Жұмысшының жауапкершілігі мен тәртіптілігі қателіктер мен күтпеген жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Пойыздар құрастырушысы не істей алуға тиіс:
- вагон топтарын құрау және тарату;
- вагондарды тіркеу және ағыту операцияларын орындау;
- маневр жұмыстары;
- тасымалдау жоспарына сәйкес пойыздардың қозғалыс кестесін жасау;
- тасымалданатын жүктің түрі мен көлеміне байланысты пойыздың құрамын анықтау;
- командада жұмыс істеу.
Бағыттама бекетінің кезекшісі
Бағыттама бекеті кезекшісінің негізгі міндеті – пойыздардың жол қиылыстары мен жолайрықтарынан қауіпсіз және тиімді өтуін қамтамасыз ету. Жұмысшы теміржол бағыттамаларының жағдайын бақылайды және қажет болған кезде өзгертеді, соның арқасында құрам қажетті бағытта қозғалады. Бұл өте жауапты жұмыс, себебі кез келген қателік пойыздардың соқтығысуына немесе вагондардың рельстен шығып кетуіне әкелуі мүмкін.
Кезекшіге кез келген ауа райында ашық аспан астында жұмыс істеуге тура келеді, сондықтан ол үшін жақсы шынығу мен төзімділік маңызды. Сондай-ақ ол бағыттамалар мен рельстердің ақауларын тез тану үшін мұқият болуы керек.
Бағыттама бекетінің кезекшісі не істей алуға тиіс:
- теміржол бағыттамаларын басқару;
- пойыздардың жүру кестесін қадағалау;
- рельстердің жағдайын бақылау және ақауларды жөндеу;
- төтенше жағдайларда жылдам әрекет ету;
- жедел құжаттаманы жүргізу.
Жол монтері
Жұмысшы жолдарды, көпірлерді, тоннельдер мен өткелдерді ақаусыз жағдайда ұстайды. Істен шыққан шпалдар мен рельс бөліктерін ауыстыру оның міндеттерінің бір бөлігі ғана. Ол бағыттама механизмдерін реттейді, ал қыста оларды мұзын күрейді. Жолшы топырақтың қопсуын байқап, оны қалай жою керектігін білуге тиіс. Ол су бұратын арналарды, кәріз құрылғыларын, қоршауларды, өткелдерді және басқа да қосалқы инфрақұрылымды жөндейді.
Пойыз қозғалысының қауіпсіздігі жолдың монтерінің жұмысты қаншалықты жақсы орындайтынына байланысты. Сондықтан бұл теміржолдағы ең маңызды мамандардың бірі. Алайда монтер мамандығы бәріне бірдей келе бермейді. Бұл өте ауыр еңбек, себебі күндіз-түні, ыстық пен суықта, жаңбырда немесе боранда да жұмыс істеуге тура келеді. Жол монтері мықты және төзімді адам болуы, командада жұмыс істеуге дайын және жауапты шешімдер қабылдаудан жасқанбайтын адам болуға тиіс.
Жол монтері не істей білуі керек:
- әр түрлі құралдармен жұмыс істеу;
- істен шыққан теміржол элементтерін ауыстыру;
- шпалдарды түзету;
- командада жұмыс істеу.